Жаңа идеядан нәтижеге: Аққулы ауданында педагогикалық идеялар жәрмеңкесі өтті

Аудан мұғалімдерінің әдістемелік әзірмелері, дидактикалық материалдарынан тұратын көрме ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бекмұрат Уахатов атындағы орта мектебінің базасында педагогтардың инновациялық жұмыс тәжірибесімен бөлісу, кәсіби шеберлікті шыңдау мақсатында «Жаңа идеядан нәтижеге:баршаға қолжетімді сапалы білім жобасы аясында құзырет орталықтарының жұмысын жүзеге асырудың табысты тәжірибесі» тақырыбында педагогикалық идеялар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
– Ауданның барлық өңірінен келген ұстаздар өз идеяларын ортаға салып, тәжірибемен бөлісті. Мектеп дәлізінде орналасқан павильондарда аудан мұғалімдерінің әдістемелік әзірмелері мен дидактикалық материалдарынан көрме құрылды, – дейді Бекмұрат Уахатов атындағы орта мектебі директорының әдістемелік орынбасары Қарлығаш Бикеева.
Мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мамандары мектептің даму бағдарламасының аясында жасалған «Тұлғаны жетістікке жетелеу» жобасының іске асырылу, практикасы мен жетістіктерін ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.
– Сондай-ақ, оқушылардың ғылыми қоғамын ұйымдастыру, олардың өздерінің тақырыптарға қызығушылығын арттыру мәселесі қозғалды. Жас маман жан-жақты, талапшыл, ұқыпты, өз ісінің маманы болуы керек. Білімге, өнерге құмар, жаңашылдыққа бастамашыл болуы тиіс. Заман талабына сай үнемі ізденіс үстінде болса, сол кезде ғана ол өз ісінің маманы болады, – дейді Қарлығаш Бикеева.
Ұйымдастырушылар аудан мектептерінің барлығын қамтыған педагогикалық идеялар жәрмеңкесі форматында өткен семинардан әр мектеп өзіне қажеттісін алды деген сенімде.