Павлодарлық оқушы физикадан халықаралық олимпиадада қола медальға ие болды
Қазақстандық оқушылар Токиода өткен физикадан халықаралық олимпиадада төрт күміс, бір қола жүлдені қанжығалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жарысқа әлемнің 83 елінен 415 оқушы қатысқан.
Ерсұлтан Пітебай – Алматы қаласындағы ДББҰ «ФМБ НЗМ» оқушысы;
Алишер Еркебаев – Ақтөбе қаласындағы ДББҰ «ФМБ НЗМ» оқушысы;
Марғұлан Нұрсағатов – Алматы қаласының №165 мамандандырылған лицейінің оқушысы;
Досжан Бисимби – Алматы қаласының «Мирас» халықаралық мектебінің оқушысы;
Даир Нұртаев – Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебінің 11 сынып оқушысы;
- Оқушылардың білімі мен дағдылары екі тур бойынша сыналды. Бірінші тур теориялық есептер, екінші тур – эксперименттік. Онда қатысушылар зертханалық жұмыстар жүргізді. Барлық тапсырма қызықты және мазмұнды болды. Олардың шешімі тапқырлық пен рефлексияны қажет етті. Біздің құрама тамаша нәтиже көрсетті, - дейді команданың ғылыми жетекшісі Самат Мақсұтов.
Олимпиадаға қатысқан барлық жылдары қазақстандық оқушылар 114 марапатқа ие болды. Оның ішінде 14 алтын, 45 күміс, 29 қола медаль және 25 құрмет грамотасы бар.