Успен ауданындағы дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов жұмыс сапары барысында аудандағы құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сапар өңір басшысы Асайын Қуандықұлының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды. Серік Төленбергенов алдымен Успен ауылында салынып жатқан 36 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысын қарап, нысанның орындалу кезеңдерімен танысты.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары табиғи апаттан зардап шеккен Қоңырөзек ауылындағы қалпына келтіру жұмыстарын бақылап, атқарылып жатқан шараларды бағамдады.
Қазіргі уақытта Қоңырөзек ауылдық округіне қарасты Қоңырөзек, Чистополь, Вознесенка және Надаровка ауылдарында электрмен жабдықтау жүйесі толық қалпына келтірілді. Тұрғындар үшін су, байланыс және интернет қызметтері тұрақты жұмыс істеуде. Сонымен қатар, жеке тұрғын үйлерді электр желісіне толық қосу жұмыстары жалғасып жатыр.
– Дауыл салдарынан аталған елді мекендерде 35 тұрғын үй мен ауылдық мәдениет үйінің шатыры бүлінген. Бүгінде келтірілген шығын көлемін анықтау және тұрғындарға өтемақы төлеу жұмыстары жүргізілуде. Зардап шеккен азаматтарға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі, – деді Серік Төленбергенов.
Қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті атқарушы органдармен қатар еріктілер, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер де атсалысуда. Қажетті құрылыс материалдары жеткізіліп, жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Сонымен қатар, жолдарды тазалау, аумақтарды ретке келтіру және дауыл салдарын жою шаралары белгіленген мерзімде аяқталатыны атап өтілді.
Облыс әкімінің орынбасары жауапты мамандарға тұрғындардың өтініштерін ескеріп, қалпына келтіру жұмыстарын сапалы әрі уақтылы жүргізуді тапсырды.