Павлодар облысында екі есірткі курьері ұсталды
Олардан жалпы салмағы үш келіден астам синтетикалық және психотроптық зат тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында жедел уәкілдер облыстың 23 жастағы тұрғынын ұстады. Жеке тінту кезінде оның спорттық сөмкесінен таратуға дайындалған орамалары бар брикеттер табылған. Сондай-ақ күдіктінің тұрғылықты жеріндегі қойма бөлмесінен тағы бірнеше орама тәркіленді.
Тәртіп сақшылары есірткіні өлшеп, буып-түюге арналған қаптама материалдарын, электронды таразыны және басқа да заттарды тәркіледі.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың құрамында синтетикалық есірткі және психотроптық зат болған. Олардың жалпы салмағы 1 килограмм 857 грамды құрады.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті психотроптық заттарды сататын интернет-дүкеннің курьері әрі есірткіні жасырын орындарға орналастырумен айналысқан. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Екінші жағдайда жедел уәкілдер Жамбыл облысының тумасын ұстады. Тінту барысында одан жалпы салмағы 1,5 килограмнан асатын психотроптық зат табылып, тәркіленді. Бұл факті бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Күдікті үйқамаққа алынды.
– Жыл басынан бері Павлодар облысында полицейлер заңсыз айналымнан әртүрлі есірткі заттарының 463 килограмын, оның ішінде 14 килограмм синтетикалық есірткіні тәркіледі, – деді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Арсен Айғазин.
Еске сала кетейік, жуырда Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №46 мекемесіне есірткі затын кіргізбек болған. Осылайша, құқық қорғау органының қызметкерлері сотталғандардың біріне тыйым салынған затты жеткізу әрекетінің алдын алған еді.
