Павлодарда жол құрылысын ұстау ережелерін бұзғандарға айыппұл салынды
Автожолдарды тексеру нәтижесінде 3 мыңға жуық ақау анықталды, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 25 мың шақырымнан астам аумақты қамтитын жалпы пайдаланымдағы 1339 автожолды зерттеліп, анықталған бұзушылықтар бойынша кемшіліктерді жою бойынша ұйғарым берілді.
– Жолдарды қанағаттанарлықсыз ұстағаны және жолдарда жұмыс жүргізу қағидаларын бұзғаны үшін 274 лауазымды және заңды тұлға жауапқа тартылды. Оларға 10 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, – деді департаментте.
Сондай-ақ, биылғы жылғы көше-жол желісі мен автомобиль жолдарын тексеру актісі негізінде мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары берген заңды талаптарды немесе ұсыныстарды орындамағаны үшін заңды тұлғалар жазаланды.
– Полиция автомобиль жолдарының, жол құрылыстарының, теміржол өткелдерінің, жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының және жол жұмыстары жүргізілетін орындардың пайдалану жай-күйіне тексеру жүргізеді, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев.
Айта кетерлігі, жолдарда жұмыс жүргізу, жолдар мен жол құрылыстарын күтіп ұстау ережелерін бұзғаны үшін бір миллион екі жүз мың теңге сомасына «Қажсервис» Павлодар филиалы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.