Кенжекөлде ойын алаңдары көбейіп, жолдары жақсарды

Кенжекөлде ойын алаңдары көбейіп, жолдары жақсарды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Ауыл инфрақұрылымы қарқынды жаңарып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Кенжекөл ауылдық округінің тұрғындарымен кезекті есептік кездесу өткізді. Басқосуда биылғы жылдың жарты жылында әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары таныстырылып, алдағы кезеңге жоспарланған негізгі жобалар талқыланды.

Жиын барысында аумақты абаттандыру және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында атқарылған шаралар туралы баяндалды. Биыл тартан жабындысы бар үш балалар ойын алаңы пайдалануға беріліп, Ақсу көшесінде шағын футбол алаңының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында 15 сыртқы бейнебақылау камерасы орнатылды.

Көлік инфрақұрылымын жақсарту ісі де жалғасуда. Ақниет шағын ауданында 10 шақырым жолға қиыршық тас төселді. Рамазанов және Күншуақ көшелеріне асфальт жабындысы салынса, Әбдіков пен Қапар Смағұлов көшелері қиыршық таспен жабдықталды.

Көше жарығын жаңғырту аясында 580 жарықдиодты шам орнатылып және жаңасына ауыстырылды. Бұдан бөлек, электр желілерін жөндеу жалғасып жатыр.

Үшінші тоқсанда Үркер шағын ауданында, Байдала және Кенжекөл ауылдарында, сондай-ақ жаңа мал қорасы орналасқан аумақта электр беру желілерін жаңарту көзделген. Бұл бастамалар жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, инженерлік инфрақұрылымды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 22–27 шілде аралығында Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков пен қаланың мемлекеттік органдарының басшылары облыс орталығының тұрғындарымен кездесулер өткізеді. Басқосу сағат 17:00-де Достық шағын ауданы, №48 жалпы орта білім беру мектебі, Ладожская көшесі, 15/1 мекенжайларында өтеді.