Песчаное ауылындағы су тазарту нысаны тоқтап тұр

Депутаттар жұмыстың барысын сынға алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының ресми парақшасының мәліметінше, Мәжіліс депутаттары Вера Ким мен Жарқынбек Амантай, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты Гүлмира Нұрханова Тереңкөл ауданына қарасты Песчаное ауылына жұмыс сапарымен барып, су тазарту құрылыстары мен су құбыры желілерін қайта жаңарту жобасымен танысты.
2023–2025 жылдарға жоспарланған жобаны тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы тапсырыс беруші ретінде іске асыруда. Бас мердігер – «Толағай-2050» ЖШС. Су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы – 35,2 шақырым, жобамен қамтылатын тұрғындар саны – 2731 адам.
Мердігердің ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда инженерлік нысандар орнатылып, құбырлардың 88%-дан астамы төселген, құдықтарды орнату жұмыстары да негізінен аяқталған. Алайда, сапар барысында анықталғандай, құрылыс алаңында ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Субмердігер ұйымның айтуынша, наурыз айынан бері қаржының жоқтығынан жұмыстар тоқтап тұр.
– Бас мердігер «Толағай-2050» ЖШС өз міндетіне салғырт қарап отыр. Біз бұл нысанға былтыр да келіп, жұмыстың баяу жүріп жатқанын байқаған едік. Биыл да еш өзгеріс жоқ. Құжаттаманы түзету жұмыстары жүріп жатқанымен, оны аяқтауға еш кедергі жоқ екенін өздері де мойындап отыр. Уәкілетті орган барлық заңбұзушылықтарды 10 күн ішінде жойып, құрылысты қайта бастау жөнінде нұсқама берді, – деп Мәжіліс депутаты Вера Ким жағдайды сынға алды.
Ал депутат Жарқынбек Амантай құрылыс бекітілген мерзімдерден қалып келетінін атап өтті.
– Мердігер жобалық-сметалық құжаттағы қателіктерді алға тартуда. Алайда тапсырыс берушінің мәліметінше, нақты кемшіліктер мердігердің өзінен шығып отыр. Соның салдарынан ауыл көшелерін асфальттау мүмкін болмай отыр. Егер жақын арада жұмыс қайта жанданбаса, мердігер сенімсіз деп танылып, материалдар құқық қорғау органдарына жолданады, – деді ол.
Жоба маңызды әлеуметтік нысан саналатындықтан, депутаттар бұл мәселені бақылауда ұстайтынын жеткізді.