Екібастұз мәслихаты коммуналдық қызметтер есебін тыңдады
Қазіргі уақытта қаладағы жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қалалық мәслихатының құрылыс, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы төраға Жұмабай Жакуповтың басшылығымен өтті. Комиссия жұмысына қалалық мәслихаттың төрағасы Николай Макраев, депутаттар, сондай-ақ ТКШ, КК және АҚ бөлімдерінің басшылары мен «Energy Solution Center» ЖШС, «Екібастұз жылу желілері» ЖШС, «Горводоканал» КМК және «Горэлектросеть» ЖШС сияқты коммуналдық кәсіпорындардың жетекшілері қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының барысы қаралды. Коммуналдық қызметтердің басшылары атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, қаланың инженерлік жүйелерінің ағымдағы жай-күйі туралы баяндама жасады.
– «Energy Solution Center» ЖШС есебі бойынша, 10 қазан агрегаты мен бір турбогенератордың жөндеуі аяқталған. Қазіргі уақытта ЖЭО температуралық кестеге сәйкес жұмыс істеуде: төрт қазан агрегаты іске қосылған, тағы алтауы резервте тұр. Бюджет қаражаты есебінен жалпы ұзындығы бес шақырымнан асатын II және VII жылу магистральдары реконструкцияланып, гидравликалық сынақтар жүргізілді. Бұдан бөлек, биыл жалпы 23 шақырымнан астам жылу желісі жаңғыртылған, оның ішінде «Екібастұз жылу желілері» ЖШС 7 учаскеде (5,5 шақырым) күрделі жөндеу жүргізіп, 13 шақырымнан астам аулааралық жылу желілері ауыстырылған, – деді қалалық мәслихаттың баспасөз қызметі.
Отырыста қаладағы жылыту маусымының штаттық режимде өтіп жатқаны атап өтілді. Коммуналдық қызметтер қажетті техникамен, материалдармен және жабдықтармен қамтылған арнайы апаттық бригадалар құрған. Жылу, су және электрмен жабдықтау жүйелерінде туындауы мүмкін ақауларды жедел жою үшін арнайы техниканың дайындығы мен жанармай қоры тексеріліп, апаттық қор жасақталған. Депутаттар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, коммуналдық сектордың жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізді.
Отырыс қорытындысы бойынша тұрақты комиссия тиісті органдарға жолданатын нақты ұсыныстар әзірледі.