Павлодар облысына импортталған тауарлардың басым бөлігі өндірістік жабдықтарға тиесілі
Олар Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдерден әкелінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Руслан Рахымберді мәлім етті.
– Жыл басынан бері сыртқы сауда айналымы 3,2 миллиард АҚШ долларын құрады. Тауарлар импортының негізгі үлесі аймағымыздың өнеркәсіп кәсіпорындарына келеді. Олар өндіріс жұмыс істеуі үшін жабдықтарды, тауарды сатып алады. Яғни, экспорттың негізгі тауарлар позициясына металлургия, мұнай-химия және отын-энергетика кешендерінің өнімдері болып табылады. Әрине, экспорт арасында халық тұтынатын тауарлар да бар, алайда оның үлесі аз,– деді ол.
Оның сөзінше, сыртқы сауда айналымының негізгі үлесі: экспорт – 83%, импорт 17% құрайды. Тауарлар шығарылған және әкелінген кезде кедендік бақылаудан өтеді. Биыл посткедендік бақылау желісі бойынша 76 кедендік тексеру жүргізілді.
– Кедендік әкімшіліктендіруді жетілдіру «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша «АСТАНА-1» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізілген болатын. Сол арқылы ресімделген, тауарларға арналған декларацияда көрсетілген тауарларға кедендік бақылау, тәуекелдерді басқару жүйесі (RMS) ұсынған ұсыныстар негізінде жүзеге асырылады,– деді спикер.
Тауардың құжатары, қандай да бір кемшіліктері жасанды интеллекттің көмегімен база арқылы тексеріледі. Ешқандай ұсынымдары болмағанда «АСТАНА-1» бағдарламасында тауарларға арналған декларация жасыл дәлізде мемлекеттік кірістер қызметкерінің қатысуынсыз шығарылады.
Кедендік рәсімдер бөлігінде, шамамен 10 мың кедендік декларация ресімделді. Оның ішінде 70 пайыздан астамы жасыл дәліз арқылы өткен.