Павлодарда Ұлттық ұлан сарбаздары 50 шақырымдық шеру жасады

Павлодарда Ұлттық ұлан сарбаздары 50 шақырымдық шеру жасады

Сарбаздар кедергілерді еңсеріп, шектеулі және ойық өтпелерден өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Павлодар қаласында орналасқан 6679 әскери  бөлімінің  2-2024 және 1-2025 жылғы шақырылым сарбаздарымен  50 шақырымдық шеру тактикалық-арнайы сабағы өткізілді. 

Павлодар  қаласынан  бет алған шеру  Мичурин кентіне дейін барып, қайта кері қайтты. Оқу-жаттығу барысында жас жауынгерлер  өздерінің алған білімдерін іс-жүзінде қолданып қиын жағдайларда техниканы басқарып, әртүрлі кедергілерді еңсеріп, шектеулі және ойық өтпелерден өтті. 

– Ұлттық ұлан қатарына шақыртылғанда жауынгерлік техниканы басқарудан хабарсыз едім. Ұзақ қашықтықты қамтыған бүгінгі шеруден мол  тәжірибе алдым. Жол қауіпсіздігін сақтай отырып, әскери техниканы діттегеген жерге жету үлкен  жауапкершілікті  талап етеді,  – дейді 6679 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Мирас Медеу.

Ұлттық ұланның жас жүргізушілері тәжірибеде теориялық білімдерін шыңдап,  әскери техниканы басқару қабілетін көрсетіп, жауынгерлік машинамен түрлі кедергілерді еңсерудің барлық мүмкіндіктерін жүзеге асырды.  Алдағы уақытта  50  шақырымды  еңсерген  жас  жауынгерлер  әскери көліктерді  басқаруға рұқсат алатын болады.