Павлодарда өмірдің сұлулығын акварельмен суреттеген көрме ашылды

Павлодарда өмірдің сұлулығын акварельмен суреттеген көрме ашылды
Фото: С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханадан

Оның авторы – Вера Кравченко, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың «Айна» галереясында «Мен әлемді акварельмен әрлеймін» атты акварельдік суреттер көрмесі ашылды.

Бұл көрме – акварельдік «Немалевичтер» шеберханасының он жылдық жұмысы аясындағы алғашқы жеке жоба. Көрменің авторы – Вера Кравченко, мамандығы бойынша бухгалтер, бірақ жан дүниесімен сурет өнерін сүйетін әуесқой суретші.

Кәсіби көркемдік білімі болмаса да, Вера он жыл ішінде акварель техникасында 70-тен астам туынды жазған. Оның жұмыстары тек Павлодар мен Қазақстанда ғана емес, Үндістан, Малайзия және Косово елдерінде өткен халықаралық көрмелерде де көрсетілген.

«Айна» галереясында суретшінің әр жылдары салған 44 еңбегі қойылған. Экспозиция пейзаж, портрет, натюрморт, гүлдер мен жануарлар әлемін қамтиды. Әрбір картинада нәзіктік пен шынайылық, табиғаттың тынысын сезінуге болады.

– Акварель – ерекше техника. Мұнда судың өз ырғағы мен мінезі бар. Кейде ол суретшінің серігіне айналып, күтпеген нәтижелер сыйлайды, – дейді Вера Кравченко.

«Мен әлемді акварельмен әрлеймін» көрмесі – автордың өмірге, жарыққа, табиғат сұлулығына деген сүйіспеншілігін білдіретін шығармашылық жоба. Ол көрерменге үйлесім мен шабыт сезімін жеткізуді мақсат етеді.

Көрме 15 қарашаға дейін жалғасады.