Павлодарлық музыкант: Домбырада сүйемелдейтін жаңа туындыны түсімде көрдім

Павлодарлық музыкант: Домбырада сүйемелдейтін жаңа туындыны түсімде көрдім
Фото: автор

7 шілде сағат 19:00-де Ertis Promenade сахнасында Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтеді. Бағдарламада алғаш рет «Алаш қырандары» атты тарихи шығарма шырқалады. 

@Pavlodarnews.kz тілшісі жаңа туындының авторы, сондай-ақ жас павлодарлық музыкант және композитор, филармония әртісі Уғыбайдолла Муфтанмен сұхбаттасып қайтты. 

– 2020 жыл – карантин уақыты. Сол кезде Алаш қайраткерлерінің автобиографиялық сериалын қарай бастадым. Сериалдан әсер алғаным соншалық – Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов сынды тау тұлғалар жайлы кітап оқып, ғаламтор желісінен ақпарат іздей бастадым. Сол аралықтарда бір күні кешқұрым уақытта ерте ұйықтап қалдым. Түсімде биікте аспанда қалқып ұшқан кең қанатты, көзі қырағы қыран құстың ұшып жүргенін көрдім. Маған өзін құдды аспанның патшасы сияқты сезіндірді, –  дейді ол.

Жас композитордың айтуынша, алаш қайраткерлері жайлы зерттеу жүргізгені әрі аталмыш ерекше түсті көруі оған белгі болып көрінген. Өмірінен орын алған оқиғаларды ұштастыра отырып, қолына домбырасын алғанда алғашқы баяу әуендер келе бастайды. Осылайша, жарты жылдың ішінде күйдің бірінші бөлімі жарыққа шықты. 

Кейін 2021 жылы композиторлық жолда Арман Жайын ұстаздан тәлім алып, күй толық өзгеріске ұшырап, күрделі формаға енді.

– Биыл сәті түсіп, осы жылы домбыра күніне арнайы жазылған «Алаш қырандары» атты тарихи шығарманың  тұсаукесері өтеді. Нақтырақ айтқанда, бұл шығарманы көрермендердің назарына паш ету үшін 4 жыл қарқынды жұмыс істедім, – дейді Иса Байзақов атындағы филармонияның әртісі, Уфа консерваториясының магистратура бөлімінің түлегі Уғыбайдолла Муфтан.

«Алаш қырандары» композициясы ірі формадағы шығармаларға жатады. Сондай-ақ, автор барлық аспаптар топтары үшін 20-ға жуық оркестрлік партитураны өзі бояды. Оның ішінде халық әндері мен композиторлық әндер бар. 

Спикердің сөзінше, қазақ халық аспаптар оркестрінде 20-ға жуық аспап бар. Әр аспап өз рөлін ойнайды. Қандай шығарма шырқалса да, оны көрерменге жеткізуге тырысу керек. 

Бастапқы кезде қобыз аспабы «Алаш қырандары» шығармасында баяу әуен еді. Аталмыш әуен 1917 жылғы қазақ халқының зары мен мұрын жеткізуді мұрат етеді. Туындының екінші формасында Алаш партиясының құрылу кейпін бейнелейтін ырғақты, темпті күйлер  домбырада ойналады. Ал Алаш зиялыларының бастан кешкен ауыр оқиғаларын сипаттайтын оқиғалар желісі үрмелі аспаптар арқылы үшінші формасында орындалады. 

– Шынымды айтсам, жетекшім бұл ұсынысты ерекше таңданыспен қабылдады. Шығармашылық жолындағы адамдарға оңай емес. Неге десеңіз, туындыны паш ету үшін бедел, білім, төзімділік керек. Шығарманың атауы тарихи болғандықтан болар, оркестрімізге оны ойнау оңай емес. Айтпағым, бұл күйдің жүгі – ауыр, - дейді туынды авторы.

Уғыбайдолла Муфтанның айтуы бойынша, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, «Алаш қырандарының» басты кейіпкері – домбыра аспабы.

 – Әрдайым солай бола бермек. Бұл шығармада соло – домбыра, сүйемелдейтін – оркестр. 

Қазіргі таңда кейіпкеріміз жаңа шығарманы жазу үшін ізденіс үстінде. Оның сөзінше, қандай да бір күйді ойлап табуға ең алдымен – шабыт, екіншісі – дайындық керек. 

Айта кетейік, бүгінде павлодарлық әртістің жеке туындысында соло-жетігенде ойнайтын «Жанеркем», домбырада орындайтын халық әні «Ақбақай» бар.