Павлодарда өткен WorldSkillsPavlodar-2023 аймақтық байқауы мәресіне жетті

Павлодарда өткен WorldSkillsPavlodar-2023 аймақтық байқауы мәресіне жетті

Додада студенттер 35 құзыреттілік бойынша бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы білім басқармасының мәлімдеуінше, байқау 27 наурыз бен 26 сәуір аралығында ұйымдастырылды. 3 апта бойы студенттер инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, медицина, ауыл шаруашылығы, өнер және дизайн, білім беру және қызмет көрсету саласы бойында өз қабілеттерін көрсетті.

- Байқауға облыстық білім беру ұйымдары колледждерінің 173 студенті қатысты. Сарапшылар ретінде өңір колледждерінің тәжірибелі педагогтары мен жұмыс берушілер қатарынан өкілдер анықталды. Agroskills қозғалысын дамыту шеңберінде Ertis жоғары инновациялық аграрлық колледжінің жанындағы ветеринарлық зертхана базасында 11-12 сәуірде 7 облыстың аграрлық колледждерінің 8 студенті арасында "Ветеринария" құзыреті бойынша өңіраралық конкурс өткізілді, - делінген хабарламада.

35 құзырет бойынша 1 орын иегерлері маусым айында Астана қаласының ExpoCenter базасында жоспарланған WorldSkillsKazakhstan-2023 ұлттық байқауына қатысу үшін өңірлік құраманың сапына енді.

Алдағы республикалық байқауға облыс құрамасы негізгі тізімге енген 30 құзыреттің 28-і бойынша қатысады. Команда құрамына облыстағы 14 колледжден 29 студент қатысады.

Айта кету керек, 2022 жылы республикалық байқаудың қорытындысы бойынша облыстық команда республиканың үздік бестігіне кірген.