Павлодарда білікті маман даярлайтын құзыреттілік орталығы іске қосылды
Жаңа нысан студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамытуға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар сервис және тамақтану колледжінде туризм, қонақүй және мейрамхана бизнесі салаларына мамандар даярлауға арналған құзыреттілік орталығы ашылды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған нысан білім алушылардың тәжірибелік машықтарын дамытып, әлемдік деңгейдегі байқауларға дайындалуына мүмкіндік береді.
Колледж басшысы Гүлмира Шұғабаеваның айтуынша, бұл жоба білім беру ұйымы үшін маңызды.
– Біз үшін құзыреттілік орталығының ашылуы – үлкен қуаныш. Себебі, біздің студенттер жыл сайын түрлі байқауларда алтын, күміс және қола медальдарға ие болып келеді. Соңғы төрт жыл қатарынан республикалық деңгейдегі барлық колледждер арасында біздің колледж студенттері алтын медаль жеңіп алды, – деді ол.
Гүлмира Шұғабаеваның сөзінше, өңірдегі 47 колледждің ішінде мұндай орталық тек төрт оқу орнында ғана жұмыс істейді.
– Ерекшелігі – бұл жоба республикалық емес, жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асады. Ол үшін облыстық мәслихат депутаттарына, Павлодар облысы әкімдігіне және білім басқармасына алғысымызды білдіреміз, – деді колледж басшысы.
Жоба аясында колледждің 53 жылдық тарихында алғаш рет ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұрын қарапайым оқу ғимараты болған нысан толық жаңартылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
– Бұл – көптен бері армандап, жоспарлап жүрген жобамыз болатын. Біз осы жерде құзыреттілік орталығын ашуды мақсат еттік. Әр мамандыққа арналған жеке кабинеттер мен шеберханалар жабдықталды, – деді Гүлмира Шұғабаева.
Орталықта тамақтандыруды, қызмет көрсетуді ұйымдастыру, мейрамхана және қонақүй бизнесі мен туризм бағыттары бойынша мамандар даярланады. Әрбір білім беру бағыты үшін жеке оқу және тәжірибелік алаңдар қарастырылған.
Жаңа орталық студенттердің кәсіби дайындық сапасын арттырумен қатар, WorldSkills чемпионаттарына дайындық базасы ретінде де қызмет етеді. Сонымен бірге, мұнда профильдік лагерьлер мен бейіндік сыныптардың жұмысы ұйымдастырылады.
Қазіргі таңда, Павлодар сервис және тамақтану колледжінде 419 студент білім алады. Оқу орнына талапкерлер 9 және 11-сынып базасында қабылданады. Колледжде оқу үдерісі заманауи талаптарға сай ұйымдастырылып, қонақүй және мейрамхана бизнесі саласына қажетті білікті мамандар даярлануда.