Павлодарда 2024 жылы 50 балалар алаңы орнатылады
Өткен сенбіде Асайын Байханов облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралап, абаттандыру жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аралау барысында өңір басшысы қаланың шығыс өнеркәсіптік аймағында жануарлар үшін салынған панажайға барды. Бұған дейін бұл жерде рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері болған және жұмыстарды бастамас бұрын құрылысшылар аталмыш аумақтан 28 мың тонна қоқыс шығарды. Бүгінгі таңда жұмыстар аяқталып, нысанды облыстық ветеринария басқармасының балансына беру рәсімі басталды.
Аумағы 1,12 га құрайтын Павлодардағы уақытша ұстау пунктіне 300-ге дейін жануарды орналастыруға мүмкіндік бар. Мұнда ауруға шалдыққан және жаңадан келіп түскен ит пен мысықтарға арналған карантиндік үй-жай, азық дайындайтын орын, ветеринарлық пункт, иттерді серуендетуге арналған манеж жұмыс істейтін болады. Жануарлар тұратын орындардың барлық жағы жабық болады және желдету жүйесі қарастырылған. Жануарларға барлық қажетті вакцинациялар салынып, зарарсыздандырылады, сондай-ақ, чип қойылады. Екі айға дейін оларды орталықта ұстап, жаңа иелері іздестіріледі, егер табылмаса - босатылады, бірақ, айналасындағылар үшін қауіпсіз, әлеуметтік бейімделген және агрессияға бейім болмаған жағдайда ғана.
Облыс әкімі үй жануарларына жауапкершілікпен қарау керектігін еске салды.
- Үй жануарларын қорғаушылардың атсалысуына қарамастан, қараусыз қалған жануарлардың мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Олардың көпшілігін иелері қыста саяжайларда қалдырып кетеді. Жануарларға жауапкершілікпен қарау негізгі дағдыға айналуы керек. Бұл білімді балаларға да беру өте маңызды. Гуманизмнің негізі ерте жастан қаланады, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Сонымен қатар, өңір басшысы абаттандыру жұмыстарын тексерді. Биыл облыс орталығында 106 стритворкаут алаңы мен 18 шағын футбол алаңы орнатылды. Сондай-ақ, жыл басында облыс бюджетінен 182 жаңа балалар ойын алаңын орнатуға қаражат бөлінген болатын. Өкінішке орай, мердігердің кінәсінен тек 132 ауладағы жұмыстар уақытында аяқталды. Қалған 50 балалар алаңы 2024 жылы ең алдымен орнатылатын болады.
Аралау қорытындысы бойынша Асайын Байханов Павлодар қаласының әкіміне жаңа нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау бойынша жұмыстарды бастауды және облыс орталығын одан әрі абаттандыру үшін конкурстық рәсімдерді уақтылы жүргізуді тапсырды.