Павлодарлық құтқарушылар қарағандылықтардың тоңып қалуына жол бермеді
Сынған автобустың жолаушылары мен жүргізушісіне көмек көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 15 желтоқсан күні сағат 16:37-де Омбы-Майқапшағай республикалық тас жолының Ямышев ауылының маңында Павлодар облысы арқылы Қарағанды-Өскемен бағытында келе жатқан автобустың жанармай сорғышының дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты тоқтап қалғаны туралы хабарлама түскен.
Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері жолаушылар мен жүргізушіні Ямышев ауылындағы мектептегі жылу пунктіне орналастырды. Барлығы сегіз адам болған. Оларға ыстық тамақ берілді.
Түнгі сағат екіде жолаушылар Астана – Өскемен бағытында келе жатқан басқа автобуспен сапарды жалғастырды.