Павлодарда ұлттық ойындар робототехника алаңына көшірілді

Павлодарда ұлттық ойындар робототехника алаңына көшірілді
Фото: Pexels.com/Kindel Media

Жобаны кеңейтіп, мектепаралық жарыс өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысындағы Жетекші мектебінде ұлттық дәстүрлер мен заманауи технологияларды ұштастыру қолға алынды. Оқушылар робототехниканы меңгеру барысында қазақтың ұлттық ойындарына арналған механикаландырылған үлгілерді құрастырып жатыр. Бұл туралы мектеп директоры Естай Рысбек мәлімдеді.

Жобаның мақсаты – ұлттық спорт түрлерін дәріптеу және жасөспірімдерді қазақ халқының салт-дәстүрімен таныстыру. Роботтарды құрастыру және бағдарламалау арқылы оқушылар жылқы шаруашылығының тарихын, ат әбзелдерінің ерекшеліктерін, сондай-ақ ұлдар мен қыздарды тәрбиелеуге қатысты әдет-ғұрыптарды меңгереді.

Жоба аясында «Қыз қуу» ойыны роботтандырылған форматқа бейімделді. Ұлттық киім киген қуыршақ бейнесіндегі арнайы роботтарды басқарған ұл мен қыз өзара жарысады. Бұдан бөлек, «Теңге алу» ұлттық ойыны да робототехника сабақтарына енгізілді. Мұндай үлгілерді жасау балалардың ептілігін, инженерлік ойлау қабілетін және техникалық міндеттерді өз бетінше шешу дағдыларын дамытады.

Мектепте «Робот Бәйге» жобасына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Оны мектеп сабақтарының аясынан шығарып, ауқымды жарысқа айналдыру жоспарланған.

– Біз балаларға ұлттық ойындар мен дәстүрлердің заманауи технологиялармен қатар дами алатынын көрсеткіміз келеді. Робототехника арқылы оқушылар халқымыздың тарихы мен мәдениетін танып қана қоймай, оны дәріптеуге де өз үлестерін қосады, – деді Естай Рысбек.

Алғашқы ірі «Робот Бәйге» турнирін 2027 жылғы Наурыз мерекесіне орай өткізу көзделіп отыр. Облыстық ұлттық спорт түрлері федерациясы мен білім басқармасының қолдауымен «Мектептер альянсы» өкілдері арасында жарыс ұйымдастыру жоспарланған. Әр мектеп шабандоздар мен жүйріктер бейнесінде жасалған өз роботтарын ұсынады.