Павлодарлық ақ халатты жандар енді донор бола алады

Павлодарлық ақ халатты жандар енді донор бола алады
Фото: pixabay.com

Денсаулық сақтау басқармасында «Әр тамшы қан – өмір» атты қайырымдылық акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңіріміздегі донорларды жинақтау бөлімшесі міндетін атқарушы Гүлмадина Оспанова акцияның елімізде сүйек кемігі донорлық институтын дамытуға арналғанын жеткізді.

–  Сонымен қатар гемопоэтикалық дің жасушаларының донорлығы қазакстандық ұлттық тізіліміне тіркелу үшін қан үлгілерін ерікті түрде тапсыру ұйымдастырылды. Өңіріміздегі қан орталығының мамандары дің жасушаларының донорлығы бойынша дәріс оқыды, – деді Гүлмадина Оспанова.

Сондай-ақ, шараны ұйымдастырушылардың бірі болып табылатын «Әсел Байсейітова атындағы қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының қызметі туралы айтылды.

Дәріске орталықтың 50-ден астам қызметкерлері және өңіріміздің 13 емдеу-профилактикалық ұйымдарының медицина қызметкерлері қатысты. Оның ішінде 37 адам облыстық қан орталығының қабырғасында қан үлгісін (9 миллилитр) тапсыру арқылы әлеуетті донор ретінде ГДЖ-ның реестріне қосылды.

Маманның айтуынша, елде сүйек кемігі донорларының ұлттық деректер базасы бар. Науқас трансплантациялауды қажет еткенде бірінші кезекте донорды Қазақстан реестрінен, содан кейін әлемдік базадан іздейді.

–   Толық генетикалық үйлесімділік үшін 10 төрт таңбалы саннан тұратын ДНҚ параметрлері сәйкес келуі керек. Бұл генотипі бар адамды табу мүмкіндігі 10 мың жағдайда бір адамды құрайды, – деді ол.

Айта кетерлігі, сүйек кемігін ауыстыру қан жасушаларының түзілуіне әсер ететін қатерлі ісігі бар (лейкемия және лимфомалар), ауыр қан аурулары бар науқастарға (талассемия, аплас тикалық анемия немесе орақ жасушалы анемия, фанкони анемия және т.б.), иммун тапшылығы аурулары бар (аралас ауыр иммун тапшылығы синдромы, туа біткен нейтропения немесе созылмалы гранулематозды ауру және т.б.) науқастарға қажет.

Дің жасушалары донорларының тізіліміне ену үшін облыстық қан орталығына барып, сауалнаманы толтырып (ақпараттық келісім), теріп талдау үшін тамырдан бір түтік (тоғыз мл) қан тапсыру керек.

Ал, сүйек кемігінің әлеуетті доноры болуы үшін 18 жастан 45 жасқа дейін, салмағы 50 кг-нан артық; созылмалы аурулардың (онкология, адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы инфекциясы, В және С гепатиті, жүректің ишемиялық ауруы (стенокардия), бұрынғы миокард инфарктісі, инсульт, туберкулез, аутоиммундық аурулар) белгілері болмауы тиіс.

–   Генетикалық «егіздер» бұл туыстық емес, бірақ тіндердің үйлесімділігін анықтайтын бірдей генотиптері бар адамдар. Көптеген адамдарда мұндай «егіздер» бар және олар сүйек кемігін трансплантациялауды қажет ететін науқастар үшін донор бола алады, – деді Гүлмадина Оспанова.

Мамандар донорлық қанның әрбір үлгісі біреудің өмірін сақтап қалуға үлес болатынын атап өтті.