Павлодарда есірткіге қарсы байк-фестивалі өтті
Бұл іс-шараға 150-ден астам жүргізуші қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында нашақорлыққа қарсы күреске бағытталған «Біз есірткіге қарсымыз!» байк-фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль барысында кәсіби мотоциклшілерге арналған түрлі жарыстар, спорттық сайыстар мен Ақсу қаласының өнерпаздары қатысқан гала-концерт өтті.
– Осы іс-шараға қатысқан жастар мен көрермендер біздің басты үндеуімізге құлақ асады деп үміттенеміз: Есірткіге жол жоқ! Белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстанамыз, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаменті есірткі қылмыстылығына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Ирина Тимиргалиева.
Тақырыптық сайыстар мен жарыстарға 2000-нан астам адам қатысты. Белсенді қатысушылар қатарында тек байкерлер ғана емес, сонымен қатар қаланың тұрғындары мен қонақтары да болды. Қатысушылар арқан тарту, есірткіге қарсы көзқарастарын білдіретін суреттер салу сияқты жарыстарда бақ сынады.
Фестиваль Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстылығына қарсы іс-қимыл басқармасы және Ақсу қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қолдауымен өтті.