Павлодарда полиция мас жасөспірімдерді анықтады

Павлодарда полиция мас жасөспірімдерді анықтады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық шарасы өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шара барысында полиция қызметкерлері бірқатар құқық бұзушылықтарды анықтады.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, төрт күн ішінде 132 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген 80-нен астам кәмелетке толмаған және мас күйіндегі екі жасөспірім анықталды.

Бұдан бөлек, 21 жасқа толмағандарға алкоголь өнімдерін сатқан екі сатушыға Қазақстан Республикасының алкогольге қарсы заңнамасын бұзғаны үшін айыппұл салынды.

Рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде екі бала бейімдеу орталығына орналастырылып, 13 жасөспірім түрлі санаттар бойынша ІІО есебіне қойылды. Кәмелетке толмағандарды арнайы білім беру ұйымдарына жіберу мәселесі бойынша сотқа бір материал жолданды.

Атап айтқанда, Жеңіс алаңы саябағында полиция қызметкерлері спирттік ішімдік ішіп отырған 16 жасар жасөспірімді анықтады. Оның ата-анасына қатысты 18 жасқа толмаған адамның қоғамдық орында алкоголь ішкені үшін хаттама толтырылды. Жасөспірімнің тұрғылықты жері бойынша тексеру жүргізіліп, оның өмір сүру жағдайлары зерттелді және ата-анасымен профилактикалық әңгіме өткізілді.

Ведомствоның мәліметінше, «Жасөспірім» ЖПШ-нің басты мақсаты – жасөспірімдердің қараусыз қалуын болдырмау, олардың жазатайым оқиғаларға түсу қаупін азайту және оларға қатысты қылмыстар жасалу ықтималдығын барынша төмендету.