Павлодарлық еріктілер тыл ардагерлеріне жылулық сыйлады

Павлодарлық еріктілер тыл ардагерлеріне жылулық сыйлады
Фото pixabay.com\congerdesign

Олар акция ұйымдастырып, жиырма азық-түлік себетін табыстады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығы Жеңіс күні қарсаңында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп, «Ulkenge kurmet» атты акция өткізді.

Шара жалғыз тұратын зейнеткерлерге, соғыс және тыл ардагерлеріне қолдау көрсетуге бағытталды.

–     Акция аясында 20 азық-түлік себеті табысталды. Бұл шара Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарын бастан өткерген жандарға көрсетілген терең алғыс пен құрметтің белгісі болды, – деді ұйымдастырушылар.

Еріктілер материалдық көмек көрсетіп қана қоймай, қарттарға ерекше көңіл күй сыйлады. «Доброта в наших сердцах» волонтерлер тобының мүшесі, қалалық № 11 мектебінің оқушысы Алексей Михеев ардагерлерге домбырада күй шертіп берді.

Ұйымдастырушылар «Ulkenge kurmet» акциясы тағы да бір рет ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен байланыстың маңызын дәлелдеді деп санайды.

Қамқорлық, назар және қарапайым адами жылулық – қарттарға олардың ұмыт қалмағанын, ерліктерінің жастар жадында сақталып отырғанын сезінуге көмектесті.

Еске сала кетейік, биыл волонтерлер Мәшһүр Жүсіп атындағы мешітпен бірлесе отырып, 12 мұқтаж отбасына азық-түлік себетін сыйлады. «Ulkenge kurmet»жобасы бойынша еріктілер жалғыз тұратын зейнеткерлерге барып, тұрмыстық мәселелерде көмек көрсетеді. Олар қарттар үйінде ойын-сауық бағдарламалар өткізіп, йога және биден шеберлік сабақтарын өткізеді.