Павлодарлық мешіттерде Рамазанға дайындық қалай жүргізілуде?

Қасиетті Рамазан айының басталуына бес күн қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚМДБ-ның мәліметінше, 2025 жылғы діни күндердің кестесі жариялады. Оған сай ораза 1 наурызда басталып, Қадір түні 26-нан 27-не қараған түнге сәйкес келеді. Ал Ораза айт наурыздың 30-нан басталып, үш күнге созылады.
Павлодарлық мешіттерде мұсылмандар үшін қасиетті айға дайындық жұмыстары басталды. Мәселен, ҚМДБ-ның Павлодар облысы өкілдігінің «Әйел-қыздар секторының» ұйымдастыруымен қалалық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті, «Ақмешіт» мешіті, «Әбу Бәкір сыддық» мешітінің ұстаздары бірлесіп, Құран нұрына бөленген шəкірттердің «Құран сөнбес нұр – жарық сәуле» атты рухани мерекесін ұйымдастырды.
– Рухани кеште аталмыш мешіттердің 60 шəкіртіне діни сауат ашу курсында білім алып, тəжуид ілімін үйренгені үшін арнайы сертификат табыстау, тəж кигізу рəсімі жүргізілді, - дейді «Әйел-қыздар секторының» жетекшісі Ақерке Тұрғынбай.
Шараға өңірдің асыл ұстаздары, қасиетті білімді дəріптеуші имамдар жəне рухани ордалардың шəкірттері қатысты.
Кеш шымылдығын Құран оқумен ашып, алғашқы сөзін облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы алды. Келесі кезекте шәкірттер орындауында салауат айтылып, отаншылдық, имандылық тақырыбында өлеңдер оқылып, қызықты викторина ойындары жалғасты.
Павлодарлық еріктілердің қатысуымен Мәшһүр Жүсіп атындағы мешітте тазалық жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, «Ақмешіт» мешітіндегі әйел-қыздарға арналған діни сауат ашу курсының оқушылары да сыныпты жинастырып, дайындыққа өз үлестерін қосты.
– Бұл игі ісіміз мешіттің рухани атмосферасын одан әрі көркейтіп, жамағаттың жайлылығы үшін жасалды. Әрбір сауапты амал жүректерімізге мейірім ұялатты. Жақсылық жасау – жанға қуат! Алда келе жатқан Рамазан айы баршамызға береке мен игілік әкелсін! – дейді әйел ұстаздар.
Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты «Халал даму» бөлімінің бас сарапшысы-технологі Айжан Қалмаханқызы «Асыңды адалда» атты семинар ұйымдастырды.