Павлодарлық кәсіпкерлерді тазалық талаптарын сақтауға шақыруда

Павлодарлық кәсіпкерлерді тазалық талаптарын сақтауға шақыруда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Таза Қазақстан» акциясы аясында қаланы абаттандыру жұмыстары қарқын алып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһар басшысы Хасар Хабылбеков Instagram парақшасында мәлімдегендей, қыс мезгілінен кейін коммуналдық қызметтер шаһар келбетін ретке келтіруді белсенді түрде жүргізуде.

Бұл игі іске кәсіпкерлер мен қызмет көрсетуші ұйымдардың да атсалысуы аса маңызды. Әрбір нысан мен тұрғын үйге іргелес аумақтың тазалығы мен тәртібі — олардың тікелей міндеті, – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда кәсіпкерлік және сәулет бөлімдері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 

Барлық бизнес нысандарына бекітілген аумақтарды тазалау және абаттандыру қажеттігі туралы хабарламалар табысталуда. Абаттандыру талаптарын сақтамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, – деді Хасар Хабылбеков.

Шаһар басшысы қала тұрғындары мен кәсіпкерлерді «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысып, өз аумақтарында тазалықты сақтауға шақырады.