Ертіс өзеніне төгілген сарқынды сулар: Курчатов су арнасына айыппұл салынды
Кәріз құбыры жарылғаны анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Абай облысы бойынша экология департаментінің қызметкерлері Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған бейнеролик негізінде сарқынды суларды Ертiс өзеніне төгу фактісі бойынша Курчатов қаласына шықты. Сондай-ақ көрсетілген аумаққа барлау жұмыстарына Абай облысының табиғи ресурстар басқармасының өкілдері, Курчатов қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы, «Курчатов су арнасы» МКК директоры қатысты.
– Аумақты зерделеу барысында аталған төгінді суы «Курчатов водоканал» МКК-ға тиесілі екені анықталды. Көзбен шолу кезінде аталған кәсіпорнының ағынды суларды тазарту кешенінен Ертіс өзеніне құятын кәріз құбыры жарылғаны анықталып, судың түсі сұрғылт реңкпен бұлыңғыр екені байқалды және нәжіс табылмады. «Курчатов су арнасы» директоры бұл бұзушылық жақын арада жойылатынын айтты. Қазіргі уақытта департаментпен кәсіпорынға қатысты жоспардан тыс тексеріс тағайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді экология департаментінде.
№2 шығарылым арқылы Курчатов қаласының тұрғын үй құрылыстарынан, ұйымдар мен мекемелерден, өнеркәсіптік кәсіпорындардан және кәріз кәсіпорындарының өз қажеттіліктерінен механикалық және биологиялық тазартудан өткен сарқынды сулар жіберіледі. Алайда, тексеру барысында «Курчатов су арнасы» кәріз тазарту құрылыстарында тазарту құрылыстары тозғаны және биологиялық тазарту тиісті деңгейде жұмыс істемейтіні анықталды. Бұл «Курчатов су арнасы» ВОТ-2 учаскесінің бастығы Л. С. Укенованың түсіндірме хатымен расталады.
Жоғарыда көрсетілгендер ҚР Экологиялық Кодексінің 90-бабын бұзу болып табылады және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 332-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамын құрайды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ережеге сәйкес, 258 440,0 теңге айыппұл салынды.
2024 жылғы 11 сәуірде №18 суды сынау хаттамасына сәйкес, №2 шығарылым механикалық тазалаудан кейін шекті жол берілетін төгінділердің асып кетуі анықталды. ҚР ЭК 39-бабының 9-тармағына сәйкес көрсеткіштері экологиялық рұқсатпен белгіленген эмиссиялар нормативтерінен асатын қоршаған ортаға эмиссиялар көлемі нормативтен тыс деп танылады. Бұл бұзушылық ҚР ӘҚБтК 328-бабының 1-бөлімінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамын құрайды. Сондай-ақ 9 817 439,0 теңге сомасына айыппұл салынды.
Еске сала кетейік, Курчатов қаласынан Ертіс өзеніне ағынды сулардың ағуы туралы бейнематериал бойынша Абай облысының экология департаменті 2024 жылғы 8 желтоқсанда шығарындылар орнына барды. Ағынды суларды ағызу фактісі расталды, осыған орай «Курчатов Водоканал» ШЖҚ КМК қатысты тексеріс жүргізілетін болады.