Павлодар мұнай зауытының маңындағы ауа таза болып шықты

Павлодар мұнай зауытының маңындағы ауа таза болып шықты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Экологтар өнеркәсіптік аймақ шекарасындағы атмосфералық ауаның жай-күйіне шұғыл тексеру жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

28–29 қаңтар күндері облыстық экология департаментінің лабораториялық-аналитикалық бақылау бөлімінің мамандары «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС санитарлық-қорғау аймағының шекарасында, яғни 1000 метр қашықтықта, тұрғын үй аумағына жақын жерде ауа сапасына бақылау жүргізді. 

– Мониторинг күкірт диоксиді, азот оксиді мен диоксиді, көміртек оксиді және шаң сияқты негізгі ластаушы көрсеткіштер бойынша жүзеге асырылды. Өлшеу нәтижелері бойынша ауадағы зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асу деректері анықталған жоқ, – деді облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі.

Мамандардың айтуынша, бұл мониторинг жүйелі түрде жүргізіліп тұрады. 

Айта кетерлігі, 2026 жылдың 26-31 қаңтар аралығында «Қазгидромет» РМК өңірде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар туралы ескерту жариялаған болатын. ҚМЖ – бұл тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия сияқты метеорологиялық факторлардың үйлесімі. Мұндай жағдайлар ластаушы заттардың таралуын қиындатып, оларды атмосфераның төменгі қабатында жинақтайды, – деп атап өтті экологтар.

Департамент қызметкерлерінің айтуынша, ҚМЖ жарияланған кезеңде өнеркәсіптік кәсіпорындарға арнайы талаптар қойылады. Олар ластаушы заттардың шығарылуын азайту үшін жабдықтардың жұмыс жүктемесін төмендетуі, іске қосу-реттеу жұмыстарын тоқтата тұруы және тазарту құрылғыларының жұмысын қатаң бақылауы тиіс. Бұл шаралар табиғи факторлар ауаны тазартуға кедергі келтірген кезде экологиялық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта аймақтағы экологиялық жағдай тұрақты бақылауда, мониторинг жұмыстары белгіленген тәртіппен жалғасуда.