Павлодарлық кәсіпорын жергілікті шикізатпен премиум кірпіш өндіріп отыр

Павлодарлық кәсіпорын жергілікті шикізатпен премиум кірпіш өндіріп отыр
Фото: автор

Қазіргі таңда зауытта шамамен 30 қызметкер жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

KAZBM  зауыты  2024 жылы іске қосылып, сол жылы алғашқы қаптамалық кірпіш партиясын шығарған. Өндірістің басты ерекшелігі  толықтай автоматтандырылған жүйе және 92 пайыздан астам жергілікті шикізатты пайдалануы. Зауыт табиғи М500 маркалы цементті пайдаланып, ешқандай қосымша қоспасыз премиум сапалы кірпіш өндіреді.

– Біздің өндіріс процестеріміз толық автоматтандырылған. Қызметкерлер планшет арқылы жұмыс істейді. Физикалық еңбек барынша азайтылған. Біз сапаға аса мән береміз, оны сертификаттар мен хаттамалар растайды,  – дейді KAZBM кәсіпорынының өкілі Ксения Мартусина.

Өндіріс қуаттылығы жоғары, ал бір кірпіш партиясы екі немесе бес күн ішінде дайын болады. Қазіргі таңда кәсіпорын тек қаптамалық кірпіш шығарады. Алғашында төрт түспен шектелсе, бүгінде олардың саны 10-нан асып кеткен. Танымал түстер қатарына ақ мәрмәр, қара-қоңыр, сұр-қара және сары-қоңыр жатады. Сондай-ақ зауыт тапсырыс берушінің сұранысы бойынша екі апта ішінде кез келген реңктегі кірпіш дайындай алады.

– Өнім Павлодар, Астана, Қарағанды, Семей және Екібастұз қалаларында сатылымда. Кәсіпорынның негізгі серіктестері – Аквилон компаниясы және «Шатыр» құрылыс дүкені. Басты артықшылығымыз – өнімнің әрдайым қолжетімді болуы. Біз кірпішті шетелден күтпейміз, бәрі осында –  Павлодарда бар, – дейді зауыт өкілі.

Зауыт бастапқыда ғылым қоры және Сәкен Сейфуллин атындағы Астана агротехникалық университетімен бірлесіп құрылған. Қазіргі уақытта жаңа, кеңейтілген өндірістік кешеннің құрылысын бастау үшін жер телімі алынған.