Павлодар соты автосервис орталығынан көлік иесінің пайдасына өтемақы өндіріп берді
Материалдық және моральдық шығын, сондай-ақ сараптама жүргізуге, адвокат пен нотариус қызметтеріне жұмсалған шығындарды қоса есептегенде, өндірілген қаржы көлемі 1,5 миллион теңгеден асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
JAC маркалы автокөлігі ұзақ уақыт бойы ақаулы күйде сервистік орталықта болған. Оның иесі көлікті техникалық тексеруден өткізу үшін дилерлік орталыққа жүгінген. Техникалық қызмет көрсету барысында қозғалтқыш майы, май және ауа сүзгілері, салқындатқыш сұйықтық ауыстырылып, жаңа оталдыру шамдары орнатылған.
Алайда техникалық қызмет көрсетілгеннен кейін көлік тұрақсыз жұмыс істей бастаған. Сонымен қатар, аспаптар панелінде «Check Engine» ескерту шамы жанған. Осыдан кейін көлік иесі қайтадан сол сервистік орталыққа жүгінген. Онда қосымша диагностика жүргізіліп, оталдыру катушкалары ауыстырылғанымен, мәселе шешілмеген.
Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, егер тауар техникалық тұрғыдан күрделі санатқа жататын болса, тұтынушы оны дәл сондай маркалы тауарға ауыстыруды, басқа маркалы тауарға тиісті қайта есептеумен айырбастауды немесе шартты бұзып, ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы.
Сервистік орталықпен арадағы дау сотқа дейін жеткен. Істі қарау барысында департамент үшінші тарап ретінде қатысқан.
– Сараптама қорытындысы қозғалтқыштағы бастапқы ақаудың жасырын сипатта болғанын көрсетті. Алайда сервистік орталықтың диагностика жүргізу және бірнеше мәрте сынақтық жүргізу кезінде жасаған әрекеттері ақаудың аса күрделі деңгейге өтуіне себеп болған, – деп хабарлады мемлекеттік орган.
Нәтижесінде сот сервистік орталықтан тұтынушының пайдасына 1,5 миллион теңгеден астам қаражат өндіру туралы шешім шығарды.
Еске салайық, тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда Павлодар қаласы, Генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайында орналасқан департаментке, E-otinish.gov.kz бірыңғай өтініштер қабылдау платформасы арқылы, E-tutynushy.kz ақпараттық жүйесі арқылы немесе 8 (7182) 55-10-70 сенім телефонына хабарласуға болады.