Жол апаты, үйде босану: Павлодарлық 103 қызметі бәріне дайын

Жол апаты, үйде босану: Павлодарлық 103 қызметі бәріне дайын
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

16 шілде Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының пультіне 724 қоңырау түсті. Бұл әдеттегі күндермен салыстырғанда 15-20 пайызға көп, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сол күні 103 қызметі жол-көлік оқиғаларына байланысты төрт рет шақыртуға шыққан. Ең ірі апат Баянауыл ауданының шипажай аймағында тіркелді. Хабарламаға сәйкес, автокөлік тас жолдың бұрылыстарынан шығып кеткен. Апат салдарынан бес адам зардап шекті. 

Сол күні Павлодар қаласында жедел жәрдем фельдшерлері үйде босанған әйелге көмек көрсетті. Сағат 21:50-де пультке түскен шұғыл шақыртуға бригада сегіз минут ішінде жетіп, 29 жастағы жүкті әйелге дер кезінде жәрдемдесті.

– Ол жүктіліктің 41-аптасында болған, – дейді жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Салмағы 3,3 келі, бойы 52 сантиметр болатын ұл бала дүниеге келді. Біздің медицина қызметкерлері жылу тізбегін сақтап, ана мен сәбиді тұрақты жағдайда облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді.

103 қызметінің мәліметінше, кез келген жедел жәрдем бригадасы жол апатынан кейін де, босану кезінде де кәсіби көмек көрсете алады. Бұл үшін станцияда халықаралық стандарттар бойынша үздіксіз оқыту жүргізіледі және тәжірибелі мамандар тартылады.