Жаңбыр мен қарға төзімді: Павлодарда түрлі түсті кірпіш шығарылады

Жаңбыр мен қарға төзімді: Павлодарда түрлі түсті кірпіш шығарылады
Фото: ӨКҚ

Облыс орталығы тұрғындары қызыл және сұр ғимараттарға үйреніп кеткенімен, үйдің түсі мүлде өзгеше болуы да мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардағы арнайы экономикалық аймақта (АЭА) еліміздегі гиперпресс әдісімен өндірілетін қаптама кірпішті шығаратын жалғыз зауыт жұмыс істейді. Бұл материалдың басты артықшылығы  түс таңдауда шектеу жоқ: кәсіпорын әр маркаға лайық цемент қоспасына пигменттер қосып, кез келген реңкке қол жеткізеді.

АЭА аумағынан компанияға екі гектар жер телімі берілген. Зауыт заманауи жабдық орнатып, цехтарды жөндеп, іске қосу-реттеу жұмыстарын толық аяқтаған. Алғашқы кірпіштер 2024 жылдың мамырында шыққан.

«Павлодар» АЭА инфрақұрылымы дайын, мемлекет қолдау көрсетіп, салық жеңілдіктерін ұсынады. Бұл – компанияның болашағын айқындайтын стратегиялық қадам, – дейді Сергей Андреев.

Бүгінде «KAZBM» ай сайын 800 мың кірпіш шығарады. Өнімді жеке үйлер мен коммерциялық нысандар салатын мердігерлер, сондай-ақ Екібастұзда көпқабатты тұрғын үйлер тұрғызып жатқан құрылыс компаниялары тұтынады.

15 түрлі өнім өндіреміз, кірпішті «жаруға» арналған арнайы құрылғы  да алдық. Беті тегіс емес, табиғи «жыртылған» фактура кірпіш қалауында ерекше әсем көрінеді,  –  деп толықтырды цех басшысы.

Гиперпресс кірпіші көбінесе ғимарат қасбетін әрлеуге қолданылады. Оның сұранысы жоғары, себебі беріктігі мен жылу тұрақтылығы жоғары.

Зауыттың мақсаты сапалы, ерекше дизайны бар өнім ұсынып, Қазақстанның заманауи сәулет келбетіне үлес қосу. Компания уақыты келгенде экспорт нарығына шығуды жоспарлайды. Кәсіпорын екі ауысыммен жұмыс істейді, дайын өнім күн сайын жөнелтіледі.

Павлодар АЭА-да қазір 20 белсенді кәсіпорын бар, тағы 18 жоба іске асу кезеңінде.

Еске сала кетейік, АЭА-дағы 5 гектардан астам аумақты ASCOR өндірістік бірлестігі алып жатыр. Ол ауыз суды тазартуға арналған композит коагулянттарын шығарады және жыл сайын ішкі нарыққа шамамен 13 мың тонна өнім жеткізеді.