Павлодарлық кинологтар қызметтік иттердің көмегімен жүзден астам қылмысты ашты
Облыстық полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында бүгінде 16 қызметтік-іздестіру иті бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ПД кинологиялық қызмет орталығының бастығы Нияз Валиевтің айтуынша, жыл басынан бері қызметтік иттердің қатысуымен 862-ден астам шақырту орындалып, 129 қылмыс ашылған.
Өткен жылы кинологтардың көмегімен заңсыз айналымға түсуі мүмкін екі келіге жуық есірткі заты тәркіленген.
– Әрбір полиция кинологының басты міндеті – қызметтік итті оқиға орындарында немесе жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде қолдануға әрдайым дайын болу. Біздің қызметте кездейсоқ адамдар болмайды, өйткені жұмысымыздың негізінде жануарларға деген сүйіспеншілік жатыр. Еңбекқорлық, сабырлылық, бастамашылдық, жауапкершілік пен ұқыптылық – адам мен иттің үйлесімді жұмыс істеуі және қызметтік міндетті тиімді орындауы үшін аса қажет қасиеттер, – деді Нияз Валиев.
Қызметтік иттер күн сайын арнайы дайындықтан өтеді. Әрқайсысы өз бағыты бойынша оқытылып, іздестіру жұмыстарына бейімделген. Жануарлардың денсаулығын ветеринар мамандар тұрақты бақылауда ұстайды. Полицияның мәліметінше, кинологиялық қызметтің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.