Железин ауданында жаңа баспана кілттері табыс етілді
24 отбасы жаңа жылды жаңа пәтерлерде қарсы алатын болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Железин ауылында жалпы ауданы 1819 шаршы метр, екі қабатты тұрғын үй облегациялық займ есебінен салынған. Құрылысы биыл мамыр айында басталып, қараша айында аяқталды. Бір бөлмелі пәтерлер саны – алты, екі бөлмелі – 12 және үш бөлмелі – алты пәтер.
Заман талабына сай жабдықталған үйдің кілттерін табыстау рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, тұрғындарды қоныстоймен құттықтады.
– Железин ауданы тұрғындарына шыдамдылықпен күткендері үшін алғыс айтамын. Бұл баспана баршаңызға қызық пен қуаныш, бақыт әкелсін. Сіздер ұзақ күтпеу үшін барынша көбірек баспана салуға тырысамыз. Кейбір тұрғындар кезекте алты, жеті жыл тұр екен. Әрине, бұл – ұзақ мерзім. Президенттің қолдауымен қаржы бөлінеді. Жылына кем дегенде осындай бір үйден саламыз деп үміттенемін, – деді аймақ басшысы.
Жаңа пәтер иесі Бақыт Қуандыққызы бұл сәтті көп күткенін айтады.
– Біз үшін бүгін ерекше күн. Аллаға шүкір, мемлекетіміз бен әкімшілікке алғыс айтамын. Осылай мұқтаж отбасыларға көмек көрсеткені үшін ризамын. Жаңа жыл алдында баспаналы болдық. Келе жатқан жаңа жыл, жаңа қоныс құтты болсын! Баршаңызға зор денсаулық тілеймін, армандарға жете берейік, Отанымыз тыныш болсын! – деп ауыл тұрғыны ризашылығын білдірді.
Железин ауданы нақты экономика секторының басшысы Ерқанат Серікбаевтың айтуынша, арендалық баспана көпбалалы, толық емес отабсыларға, жетім балалар мен жасы бойынша зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі әлеуметтік әлжуаз топқа арналған.
– Олардың ішінде 2015 жылдан бері кезекте тұрған жандар бар. Бір бөлме үшін шамамен – 8300 теңге, екі бөлмеге – 13400 теңге, үш бөлмелі пәтерге 17200 теңге төлейді. Пәтер орталықтандырылған жылу және сумен қамтылған, – дейді Ерқанат Серікбаев.
Сонымен қатар пәтерлерде электроплита мен сужылытқыш орнатылған.