Жемісті жыл: Павлодар облысында дәнді дақылдар жинау науқаны аяқталды
Биылғы жылдың күзгі дала жұмыстарының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Досжанов баяндады.
– Ауылшаруашылық дақылдарының жиналған алаңы бір миллион 406 мың гектарды құрады. Бұл – өткен жылғы деңгейден 160,5 гектарға артық, оның ішінде дәнді дақылдар – 928 мың гектар, майлы дақылдар – 374,4 мың гектар, мал азық дақылдары – 70 мың 800 гектар, картоп – 24, 8 гектар, көкөністер мен бақша дақылдары 7800 гектар құрады, – деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, бүгінде облыста дәнді дақылдар толығымен жиналды. Жиналған егін мөлшері дәнді дақылдар 928 мың гектар алаңынан жалпы түскен өнім бір миллион 116 мың тонна, ал орташа өнімділігі гектарына 12 центнерді құрады.
– Қазіргі күні майлы дақылдарды жинау жалғасуда. 374 мың гектардан 330 мың гектары жиналды. Жалпы түскен өнім 314 мың тоннаны құраса, орташа өнімділігі гектарына 9,5 центнерді құрап отыр.
Облыс әкімі Асайын Байханов биыл егістік көлемі және де жердің алқабы өзгергенін атап өтті.
– Өңірімізде жалпы егін жинау жұмыстары аяқталды. Жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Жалпы диқаншылар үшін жыл жақсы болды. Дәнді дақылдарды жинау жұмыстарын уақытында аяқтадық, – деді аймақ басшысы.
Ол жуырда өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Президенттің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша нақты жасалып жатқан шаралары туралы айтқан сөзін еске түсірді.
– Біздің басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін беру. Біздің диқаншылар көбінесе дәнді дақылдардан майлы дақылдарға көшіп келе жатыр. Менің ойымша, бұл өзгерістер өте дұрыс, өйткені дәнді дақылдардың сатуы және нарығы да шектеулі, ал майлы дақылдар нарықта сұранысқа ие,– деп атап өтті облыс әкім.
Асайын Байханов ауыл шаруашылығы басқармасына келесі жылға майлы дақылдар бойынша алқап көлемін ұлғайтуды тапсырды. Ал қалалар мен аудандардың әкімдері 20 желтоқсанға дейін ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымдарын толық талдау керек.
Айта кетейік, егін жинау науқанына барлығы 2286 түрлі модификациядағы трактор, 2284 комбайн, оның ішінде 2140 астық жинайтын комбайн, 1030 жатка, астық тасымалдауға 2668 автокөлік және 1275 трактор тіркемесі жұмылдырылды.
Арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету деңгейі 100 пайыз құрады. Облыс бойынша жалпы сыйымдылығы 277, 3 тонна құрайтын алты элеватор бар. Олардың жүктелуі 36 пайыз құрайды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде жаңа өнімнің астығын қабылдауға және сақтауға дайын жалпы сыйымдылығы 912 мың тонна құрайтын 263 қойма бар.