Павлодарлық лицей түлегі Қытайда оқуын жалғастырады

Павлодарлық лицей түлегі Қытайда оқуын жалғастырады
Фото: @kadylzhansatiev

Ерсұлтан Қайыркен Chinese University of Hong Kong университетіне оқуға түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Май ауданының әкімі Қадылжан Сәтиев дарынды түлекпен кездесіп, алдағы оқуына сәттілік тіледі.

– Ерсұлтан – Май ауданы Баскөл ауылының тумасы, халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері. Ертең ол Қытайға аттанып, Chinese University of Hong Kong университетінде оқуын жалғастырады. Кездесу барысында Ерсұлтан алға қойған мақсаттары мен болашақ жоспарлары туралы айтып берді. Біз талантты әрі мақсатшыл жерлесімізді мақтан тұтамыз. Оның жетістіктері өскелең ұрпаққа үлгі болып, жастарымыздың жоғары әлеуетін көрсетеді, – деді аудан әкімі.

Қадылжан Сәтиев жас түлекке оқуда табыс, жаңа жетістіктер мен үлкен жеңістер тіледі.

Биыл шілде айында Ерсұлтан Қайыркен Вильнюсте өткен 37-ші Халықаралық биология олимпиадасында (IBO) күміс медаль жеңіп алды. Білім додасына әлемнің 80-нен астам елінен үздік жас биологтар қатысты.

Еске салайық, өткен жылдың тамызында дарынды ер балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ерсұлтан Қайыркен Ақордада Мемлекет басшысымен кездескен 24 оқушының қатарында болды.

Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев Филиппинде өткен International Biology Olympiad халықаралық биология олимпиадасының қола жүлдегері Ерсұлтан Қайыркенге 500 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі ақшалай сертификат табыстады. Дарынды оқушыларды құттықтаған Президент жастардың беделді халықаралық олимпиадалардағы жетістіктері халықтың зияткерлік қуаты мен өскелең ұрпақтың жоғары әлеуетін көрсететінін атап өтті.