Павлодарлық полицейлер тұрғындармен кездеседі
Акция шеңберінде жол қауіпсіздігіне қатысты түсініктемелер мен кеңестер берілетін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 шілде күні сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін Халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Жолда қабылдау» республикалық акциясы өткізіледі.
Азаматтарды жеке қабылдауды әкімшілік полиция және жергілікті полиция қызметі басқармаларының басшылығы жүргізеді.
– Жол-техникалық инспекция, әкімшілік практика, процессингтік орталық өкілдерімен, сондай-ақ қоғамдық және жол қауіпсіздігін қорғауды жүзеге асыратын қызметкерлермен түсініктемелер мен кеңестер берілетін болады. Халыққа айыппұл төлеу, жол қозғалысын ұйымдастыру, көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру, оның ішінде электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігі туралы және тағы басқа мәселелер бойынша ақпарат жеткізілетін болады, – делінген хабарламада.
Іс-шара Космонавттар көшесі, 2 мекенжайы бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында өтеді.