Цифрлық жаңашылдықтар: Павлодарда ХҚКО мерейтойын атап өтті
Шара «Достық үйінде» ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodanews.kz тілшісі.
ХҚКО-ның соңғы жиырма жылда мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесінің маңызды бөлігіне айналып үлгерді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Павлодар облысы филиалы директорының міндетін атқарушы Алтай Қайдаров өз сөзінде бүгінгі күні ХҚКО заман талабына сай дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.
– 20 жыл бұл жай ғана дата емес, азаматтарға қызмет көрсетудің жаңа мәдениетін қалыптастырудың тұтас дәуірі. Бүгінде орталықтарда заманауи цифрлық шешімдер, биометриялық сәйкестендіру жүйелері, өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары енгізілуде. Мұның барлығы халыққа қызмет көрсетуді барынша қолайлы етуге бағытталған. Басты міндетіміз – азаматтардың сенімін сақтау және мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету, – деді ол.
ХҚКО ашылған алғашқы күннен бері қызмет атқарып келе жатқан Пятимат Богатырева жүйенің 20 жылдағы жолын былай сипаттады.

– Алғашқы жылдары бәрі қағазбен жасалды. Тіпті көк үй бейнеленген кітапшалар болатын. Қазір әрбір қызметті халық үйден-ақ ала алады. Мен үшін осы саланың дамуына үлес қосу үлкен мақтаныш, – деді қалалық №2 халыққа қызмет көрсету бөлімінің бас маман-менторы.
Қатысушылар ХҚКО-ның 20 жылдығы тек қорытынды жасау ғана емес, сондай-ақ жаңа даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік екенін атап өтті.
Бүгінде ХҚКО – тек құжат рәсімдейтін орын емес, цифрлық технологиялар арқылы халыққа қолайлы, ашық, жылдам қызмет көрсететін заманауи бірегей жүйе.
Шара аясында 60-тан астам жұмысшы алғыс хаттармен марапатталды.