Павлодарлық слесарь рэп пен лириканы үйлестіріп ән орындауда

Оның 15-ке жуық әні бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Күндіз мұнаралы кранды жөндеп, кешке рэп жазатын Игорь Пилипцов интернетте Livincor лақап атымен танылған.
Техникалық мамандығына қарамастан, Игорь – рэп жанрында өзін тапқан шығармашылық жаны бар адам. «Богатырь Көмір» кен орнында еңбек жолын бастаған ол өндірісте жұмыс істеп жүріп, ол өз жүрегінің шынайы қалауы өнер екенін анық сезінеді. Өнер мен шығармашылыққа деген ынтасы оны жаңа белеске жетелейді.
– Мен шығармашылыққа келген жоқпын, өнер жолы өзі мені тапты деп айта аламын. Өйткені, мен музыкамен бірге дүниеге келгенмін. Музыка – менің табиғатым, ішкі әлемімнің айнасы, – дейді Игорь Пилипцов.
Қазір жас жігіт теміржолда жұмыс істейді. Оның міндеттеріне машинистің кранын жөндеу, компрессордың, ауа кептіргіштің және құм беру жүйесінің жұмысын бақылау кіреді. Ол сондай-ақ тепловоздағы ауаның таралуына жауап береді.
– Мен, басқалар сияқты, ерте тұрып, жұмысқа таңертеңгі сегізде барып, өз міндеттеріме кірісемін. Автоматшы болып жұмыс істеймін. Біздің команда жас, бірақ өте тату. Мен – ондағы ең жас қызметкермін, – дейді жас рэпер.
Өз шығармашылығын ол әлеуметтік желілердегі жазылушыларына көрсетеді. Ол TikTok, Instagram, YouTube және ВКонтакте парақшаларын жүргізеді. Әншілерге арналған облыстық байқауларға, соның ішінде «Ertis dauysy» жобасына қатысқанымен, оның әндері қабылданбаған. Дәл осындай жағдай жастар арасындағы байқауда да қайталанып, оның композициясы жас аудиторияға «лайықсыз» деп танылған.
Ал биыл ақпанда ол Астанада өткен көпжанрлы өнердің халықаралық «Master Fest» байқауында екінші орынға ие болды.
– Музыка – мен үшін жай ғана хобби емес, өмірдің мәні мен мақсаты. Мен әндерді ақша табу үшін емес, адамдар тыңдап, ойлануы үшін жазамын. Қазіргі заман тректерінің көбінде мағына жоқ, ал мен сол тереңдікті қайта оралтқым келеді. Менің әнім жүректен шығады: онда қуаныш та, ауырсыну да, өмірдің қысқалығы да бар. Мен үшін ән – жай ғана бит емес, одан да үлкен құбылыс, – дейді Игорь Пилипцов.
Әншінің айтуынша, музыка жай ғана ырғақ немесе әуен емес, жүрек пен жанның үйлесімі. Ол заманауи қоғамның проблемаларын, адамның ішкі күйзелісін, қуанышы мен армандарын өз шығармашылығында шебер бейнелейді.
Оның туындыларында рэп пен лирикалық бағыттың синтезі байқалады. Әуендері заманауи болғанымен, мәтіндері өмірдің мәнін, адамдық құндылықтарды қозғайды.
Игорь Пилипцов болашағын нақты жоспарлаудан гөрі мақсат қоюға және оған жетуге бейім. Қазіргі таңда орындаушының 15-ке жуық авторлық әні бар.