Павлодарда куәліксіз көлік тізгіндейтіндердің қатары азаймай тұр
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы екін күнінде мыңға жуық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Екі тәулік ішінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың 753 фактісінің жолын кесті. Полиция патрульдері күшейтілген режимде жұмыс істеп, қала көшелерінде де, қала сыртындағы трассаларда да қауіпсіздік талаптарын елемеу фактілерін анықтауда.
- «Павлодар – Қызылорда» және «Павлодар – Шарбақты» автожолдарында инспекторлар ВАЗ автокөлігі мен LTM мотоциклінің жүргізушілерін тоқтатты. Тексеру барысында олардың екеуі де көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны анықталды. Оның үстіне жеңіл автокөліктің иесі биыл осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін бұған дейін де жауапкершілікке тартылған. Тағы бір қауіпті жағдай Омбы – Майқапшағай трассасында тіркелді. Онда Kia жүргізушісі маневрдің қауіпсіздігіне көз жеткізбестен басып озуға шығып, қарсы бағытта келе жатқан көлікпен соқтығысуға шақ қалды. Осы трассада Lada Largus автокөлігі де тоқтатылды. Оның ішінде бала арнайы балалар орындығынсыз тасымалданған, — деді Павлодар облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.
Облыс полициясы жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қауіпті маневрлерден бас тартуға және жолдағы бір сәттік салғырттықтың адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін есте сақтауға шақырады. Рейдтік іс-шаралар жалғасуда.