Павлодар облысында ауылдарға баратын жастарға бюджеттік несие көлемі ұлғайтылды
Биыл «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 442 көтерме жәрдемақы беру жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тюлюбаев мәлім етті.
– «Дипломмен – ауылға» жобасы бойынша қажетті мамандармен ауылдық аумақтардың кадрлық әлеуетін нығайту бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы бағдарлама әлеуметтік сала, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне арналған. Яғни, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін көтерме жәрдемақы және бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуға бағытталған, – деп атап өтті спикер.
Оның сөзінше, 2024 жылдан бастап аудандарға жұмыс істеуге келген мамандарға бюджеттік кредит 2 500 АЕК дейін, атап айтқанда, 9,2 миллион теңге, ауылдық елді мекендер үшін – 2 000 АЕК, яғни 7,4 миллион теңгеге дейін ұлғайды.
– Ауылдық елді мекенде орналасқан ұйымда тиісті мамандық бойынша кемінде үш жыл істеуге міндеттеме негізгі талаптарға жатады, – деді спикер.
Жастар қалалар мен аудандар әкімдіктерінің интернет-ресурсында орналасатын сұраныстағы мамандар тізбесіненен қалаған жұмыс орнын таңдай алады. Бюджеттік кредит алуға өтінімдерді рәсімдеу Отбасы банктің «Баспана-Маркет» порталы арқылы іске асырылады. Жоба барлық ауылдық елді мекендерге таралады. Былтыр 526 көтерме жәрдемақы бойынша 181,5 миллион теңге бөлінді және игерілді. Бюджеттік кредиттер бойынша 172 бюджеттік кредит беруге 887 миллион теңге бөлінді. Биыл жалпы сомасы 1 миллиард 360 миллион теңгеге 167 бюджеттік кредит, сондай-ақ 174,6 миллион теңге сомаға 442 көтерме жәрдемақы беру жоспарлануда.