Павлодарда көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесі өртке оранды

Павлодарда көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесі өртке оранды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, 12 қазанда сағат 18:29-да 112 операторының пультіне Н. Назарбаев даңғылы, 79 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйде жану туралы хабарлама келіп түскен.

Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері, құтқарушылар, АМО бригадасы дереу шыққан. 

– Жану үйдің жертөлесінде орын алған. Өрт сөндірушілер өрт ошағын тез арада жоюға кірісіп, кіреберісте қатты түтін байқалғандықтан түтінді кетіру бойынша іс-шаралар жүргізді. Өрт сөндірушілердің күшімен автосатыны қолдана отырып және баспалдақ маршымен жеті адам, оның ішінде төрт бала эвакуацияланды, – деді департаментте. 

Өрт сөндірушілер келгенге дейін 24 адам өз бетінше эвакуацияланған, оның ішінде жеті бала болған.

Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда.