Павлодарлық жас экорепортерлер табиғат тақырыбын зерттеді

Жарысқа 90-ға жуық оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы білім беру басқармасының «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы мен «Ертіс» телеарнасы бірлесе отырып, 8–10-сынып оқушылары арасында облыстық «Жас экорепортёр» экологиялық байқауын өткізді.
Қатысушылар өз жұмыстарын елім мен туған жерімдегі табиғатты қорғау: мәселелер мен шешу жолдары, жасыл аймақтардың табиғат пен адамдар өміріндегі маңызы, экологиялық қауіпсіздік – адам мен қоғам денсаулығының негізі үш бағыты бойынша ұсынды.
– Байқаудың мақсаты – қоршаған ортаны қорғауға бейжай қарамайтын, зерттеушілік қабілеті жоғары оқушыларды анықтап, олардың бастамаларына қолдау көрсету, – дейді «Ертіс дарыны» өңірлік орталығының өкілдері.
Жарысқа барлығы 87 оқушы 65 жоба ұсынды. Олар – аудандық және қалалық кезеңдердің жеңімпаздары. Қорытынды нәтижесінде 37 оқушы Павлодар облысы білім беру басқармасының дипломдарымен марапатталды. Оның ішінде бірінші дәрежелі диплом алты оқушыға бұйырды. Сондай-ақ, байқауға қатысқан барлық оқушылар сертификат иеленді.
«Жас экорепортёр» байқауы оқушылардың экологиялық білімін тереңдетіп қана қоймай, оларды табиғат қорғау тақырыбында белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға ынталандырды.