Жас өлкетанушылар Май ауданының тарихи мұрасымен танысты
Ақшиман ауылында бір күндік оқыту практикумы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы білім беру бөлімінің экология және туризм орталығы жазғы кезеңде оқушылардың жұмыспен қамтылуы мен бос уақытын тиімді өткізу жазғы «ECOTERRITORY» жобасы аясында 15 жас өлкетанушы көшпелі практикумға қатысты.
«Ертіс өңірінің ежелгі киелі нысандары» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Май ауданы Ақшиман ауылында бір күндік оқыту практикумында «Жас өлкетанушылар» туристік-өлкетану клубының №2, 35, 33 мектептері, дарынды балаларға арналған №3 гимназияның 7-10-сынып оқушылары арасынан шыққан тәрбиеленушілері ауданның тарихи мұрасымен танысты.
– Өңірдің киелі жерлеріне бару шығармашылық жұмыс үшін өте пайдалы деп санаймын. Туған өлкенің тарихын зерделеу менің мектеп пәндері бойынша білімімді толықтырады. Туристік-өлкетану үйірмесінде екінші жыл оқимын, өткен жылы біз Баянауылдың киелі жерлеріне бардық, – дейді дарынды балаларға арналған №3 гимназияның сегізінші сынып оқушысы Дария Темірова.
Жас өлкетанушылар «Мақатқажы», «Қайса-ата» рухани ағартушылар мен халық емшілерінің кесенелеріне барды. Жоңғарлардың шабуылынан жерін қорғаған батырлардың шайқас орындары «Қалмаққырылған», «Мыңжылқы» тарихи тауларына, тасқа қалдырған жазуы бар Қаныш Сәтбаев атындағы үңгірге экскурсия жасады.