Павлодарлық аграршы «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атанды

Павлодарлық аграршы «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атанды
Фото: Есенжол Исабек

Ол 25 жылдан астам уақыт бойы табиғи, суарылмай өсетін экологиялық таза қарбыздарды өсірумен айналысады, деп хабарлайды @Pavlodanews.kz тілшісі.

Павлодар облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосқан белгілі шаруашылық басшысы Қайрат Шапуов бүгін «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды.

«Қайрат» шаруа қожалығы 2010 жылы құрылған. Негізгі бағыты – бақша өнімдерін өсіру. Шаруашылық 25 жылдан астам уақыт бойы табиғи, суарылмай өсетін экологиялық таза қарбыздарымен танымал. Өнімдері өңірде «Арбузный рай» брендімен белгілі.

Агрардың айтуынша, қожалық бастапқыда бар болғаны бес гектардан жұмысын бастаған. Биыл қарбыз егілген аумақ 200 гектарды құраған.

– Биылғы маусым біз үшін табысты болды. Бұрын пандемияға дейін 500 гектарға дейін қарбыз егетінбіз. Ресейге экспорт тоқтағаннан кейін көлемді қысқартуға тура келді. Егер шекара ашылса, алқаптарды қайта ұлғайту жоспарымызда бар, – дейді ол.

2017 жылдан бері шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығын да дамытып келеді. Қазіргі уақытта қожалықта мыңнан астам сиыр бар, қазақтың ақбас тұқымы өсіріліп жатыр.

– Бүгінде біздің шаруашылық – облыстағы бірінші класты төрт ірі шаруашылықтың бірі. Қазақстан бойынша бірінші санаттағы бұқаларды дайындайтын санаулы қожалықтың бірі болып отырмыз, – деді Қайрат Шапуов.

Марапат иесі аграрлық саладағы еңбегін жоғары бағалағаны үшін мемлекетке алғыс білдіріп, алдағы уақытта да өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыру бағытында еңбек ете беретінін атап өтті.

Айта кетейік, Павлодар облысында биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алғаш рет жарты триллион теңгеден асып, ауыл шаруашылығы бойынша елдің алдыңғы бестігіне енді.