Павлодарда түрмеге нанға ұялы телефондар жасырып кіргізбек болған
Қызметкерлер аталған заттарды тергеу-қамауға алынған адамға арналған сәлемдемелердің бірінен тапқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №63 мекемесінде жедел ақпарат бойынша шлюзде мекеменің жедел бөлімінің және режимдік бөлімінің қызметкерлері «Еңбек-Павлодар» филиалының жүргізушісі әкелген нанды түсіру үшін келгенде ақ түсті автокөліктің корпусын тінту кезінде нанның ішіндегі бірнеше орамда жасырылған ұялы телефон, WI-Fi роутерлары мен сымды құлаққаптар тауып алған.
– Тыйым салынған заттары бар бұл сәлемдеме тергеу-қамауға алынған адамдарға арналған. Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, материал сотқа жіберілді, – деді департаментте.
Айта кетейік, тексеру тобы тергеу изоляторының аумағына кіретін кез келген автокөліктің кіруі мен шығуы кезінде шлюзде автокөлік құралдарын, сондай-ақ жүргізушіні бірнеше рет толық тексереді.
Департамент қызметкерлерінің айтуынша, азаматтар тыйым салынған заттарды азық-түлік пен киімге жасыруға тырысады. Режим бөлімінің бастығы бұл құқық бұзушылық үшін жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. Яғни, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға тексеруден жасырын немесе кез келген тәсілмен сақтауға және пайдалануға тыйым салынған заттарды беру әрекеті жазалауға әкеп соғады.