Павлодарда терроризмге осал объектілердің басшыларына қорғау шаралары түсіндірілді

Павлодарда терроризмге осал объектілердің басшыларына қорғау шаралары түсіндірілді

Кәсіпкерлерге нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасында террористік тұрғыдан осал объектілердің басшыларымен кездесу өтті. Облыс бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің терроризмге қарсы орталығы бөлімінің аға офицері Зарина Шарипова террористік тұрғыдан осал объектілердің өңірлік тізбесі бар екендігін есе салды. Мұндай тізім Павлодар облысы әкімдігінің 2021 жылғы 29 шілдедегі қаулысымен бекітілді.

– ҚР Үкіметінің № 234 қаулысына сәйкес террористік тұрғыдан осал адамдар көп жиналатын объектілерге мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін объектілер жатады: сауда алаңы 500 шаршы метрден асатын сауда объектілері не аумағында атыс қаруы мен оқ-дәрілер сатылатын объектілер, – деді Зарина Шарипова.

Ол сондай-ақ «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңда «Террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелерінің, басшыларының немесе өзге де лауазымды адамдарының, террористік тұрғыдан осал объектілер бойынша күзет қызметтерін көрсету туралы шарт жасасқан күзет қызметі субъектілерінің міндеттері» деген 10-3-бап бар екенін атап өтті. Оларға ерекше маңызды мемлекеттік, стратегиялық және адамдар көп жиналатын объектілер жатады.  Павлодар облысында осы тізімде барлығы 904 нысан бар.


Заң бойынша террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелері, басшылары және басқа да лауазымды адамдары тиісті өткізу режимін қамтамасыз етуге, оларды қазіргі заманғы инженерлік-техникалық күзет жабдықтарымен жарақтандыруға, өз объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуының паспортын әзірлеуге, персоналмен профилактикалық, оқу іс-шараларын ұйымдастыруға және басқа да шаралар қабылдауға міндетті.

– Терроризм актісі жасалған жағдайда объектілердің меншік иелері, басшылары және өзге де басшылары ҰҚК департаментіне, полиция департаментіне дереу хабарлауға және персоналды эвакуациялауды қамтамасыз етуге міндетті, – деп атап өтті спикер.

Осы міндеттерді орындамағаны үшін заңнамада жауапкершілік көзделген.