Павлодар ауданында «Тартымдылық картасы» әзірленді
Онда көшіп келушілерге қажетті негізгі деректер қамтылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан әкімі Дидар Ибраевтың айтуынша, «Тартымдылық картасында» ауылдардағы тұрғын үйдің құны, инфрақұрылымның қолжетімділігі, жұмыс орындарының болуы жөніндегі мәліметтер көрсетілген.
– Біз тек қолданыстағы мемлекеттік бағдарлама аясында еңбек күші артық өңірлерден келетін азаматтарды ғана емес, сондай-ақ еліміздің өзге аймақтарынан ауданымызға көшіп келіп, еңбек етуге дайын мамандарды да тартуды көздеп отырмыз, – деді аудан басшысы.
Қала маңындағы ауданға педагогтер мен медицина қызметкерлерімен қатар, агроөнеркәсіп кешені саласының мамандары да қажет. Мәселен, Кемеңгер ауылында екі зауыттың іске қосылуы шамамен 100 жаңа жұмыс орнын ашуды талап етеді.
Биыл Павлодар ауданына еңбек күші артық өңірлерден 214 адам қоныс аударды. Олардың қатарында жеке кәсібін бастап, кәсіпкерлікпен айналысып отырған азаматтар да бар. Мысал ретінде аудан әкімі Кеңес ауылдық округіне көшіп келіп, наубайхана ашқан отбасын атап өтті. Қазіргі таңда олар өз округін ғана емес, көршілес Ольгинка ауылын да нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
Сонымен қатар, әлеуметтік осал санаттағы аудан тұрғындарының жаңа бизнес-бастамаларын іске асыруы үшін жалпы сомасы 31 миллион теңгеден астам грант бөлінген.
Айта кетейік, биыл қоныс аударушыларды қабылдау квотасына 143 адам немесе 30 отбасы енгізілген. Олардың тең жартысы – қандастар.