Павлодарлық ауыл тұрғындары несиелерді тұрақты бизнеске айналдыруда

Екі жыл ішінде 400-ге жуық кәсіпкер бағдарлама аясында жеке кәсіптерін бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2023 жылы облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 192 кәсіпкерге жалпы сомасы 1,5 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген микронесие берілді. Бағдарлама аясында өзін-өзі жұмыспен қамтыған 171 азамат, 15 адам тұрақты немесе уақытша жұмысқа орналасып, 4 жас және 2 атаулы әлеуметтік көмек алушы қамтылды.
– 121 кәсіпкер өз ісін жаңадан бастады, 50 кәсіпкер қолданыстағы бизнесін кеңейтті. 19 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды, екі кооперативке жабдық сатып алуға қаржыландыру берілді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Қаленов.
Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен 2,6 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Аталған қаражат 2024 жылдың соңында облысқа түсті. Қазіргі уақытта қаражат толығымен игерілді. Жалпы 196 микрокредит берілді.
– 1,8 миллиард теңге қайта өңдеу және халыққа қызмет көрсету саласындағы 50 жобаға бөлінсе, 510 миллион теңге мал шаруашылығын дамытуға бағытталған 30 жобаға бөлінді. Ал 15 жоба егін шаруашылығын дамытуға арналды. Оған 267,7 миллион теңге көлемінде қаржы берілді, – деді Әлібек Қаленов.
Бағдарлама аясында 58 жаңа ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, қаржыландырылды, 138 жеке кәсіпкер қолдауға ие болды. Жалпы алғанда 397 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 169 жұмыс орны ауыл шаруашылығы кооперативтерінде ашылды.
– 2023 жылы Май ауданы Көктөбе ауылының тұрғыны жоба аясында несие алып, өзінің жеке кәсібін бастады. Оның аясында ол сұранысқа ие мал бастарын сатып алған еді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өңдеуді дамыту және кооперация бөлімінің басшысы Ерғанат Әубәкір.
Сол жылы Еңбек ауылының тұрғыны 13 миллион теңгеге несие алып, аймақта ауыл шаруашылық кооперативін ашты. Оның құрамына 12 қосалқы жеке шаруашылықтар енді. Қаражат техника алуға, жеміс-жидек дайындау бизнесін ашуға жұмсалды. Қазіргі уақытта тұрақты екі кәсіпкер және он маусымдық жұмысшы бар.
Былтырғы жылы Павлодар ауданынан әйел адам жұбайына арнап несие алған еді. Осылайша олар отбасылық ауылшаруашылық өндірістік кооперативін ашты.
– Бұл отбасы мал басын көбейту арқылы күніне 1 тонна сүт алады. Бүгінгі күні олар алынған сүтті қайта өңдеу зауыттарына сатып жатыр. Осылайша кәсіптерін дамыту үстінде, – деді Ерғанат Әубәкір.
Айта кетейік, жоба аясында 2023 жылы 1,5 миллиард теңге, 2024 жылы 2,6 миллиард теңге қаражат бөлінген болатын.