Павлодарда Қамзин көшесіндегі магистральді қайта құру жұмыстары аяқталуға жақын

Жаңа жылыту маусымына дайындық аясында жылу желілерін ауқымды жаңарту жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар жылу желілері» ЖШС бас инженерінің орынбасары Павел Плетуховтың айтуынша, Қамзин көшесіндегі №6 жерүсті павильонынан Ворушин көшесінің бұрылысына дейінгі магистральді қайта құрудың екінші кезеңі шеңберінде ұзындығы шамамен 800 метрлік учаске ауыстырылуда.
– Қазір біз Ворушин көшесін П-тәрізді компенсатор арқылы кесіп өтудеміз, жобалау шекарасы – сорғы станциясынан тыс орналасқан №52 қозғалмайтын тірек. Бұл – қала әкімдігімен келісім бойынша жүргізілген жұмыстың жалғасы, – деді Павел Плетухов. – Біздің учаске бұрынғы трассировка бойынша өтеді, әкімдік – жаңасы бойынша. Түйісу орындары – жауапкершілік шекарасы болып саналады.
Маманның айтуынша, жұмыстар кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы есебінен жүргізілуде. Биыл бұл нысанда 578 метр магистраль ауыстырылады. Құбырлар полиуретан көбікпен оқшауланған және мырышталған қабықшамен қапталған, ал стандартқа сай келмейтін учаскелер минералды мақта мен металл қабықшамен оқшауланады. Барлық құрылыс-монтаж, оқшаулау және қосу жұмыстары қыркүйектің 15-іне дейін, яғни жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталуы тиіс.
ЖМ-20 магистралін қайта құрудан бөлек, 2025 жылы кәсіпорын бірқатар нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде: ОЖП-69 (Назарбаев к., 89 ауданы) қайта құру, ОЖП-58 (Донецкая к. ауданы) жобалау, ОЖП-66 және 67 жобалау.
Келесі жылы бұл нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.
Сонымен қатар кәсіпорын жылу энергиясы саласындағы ұлттық жобаны іске асыруға дайындалуда.
– Жоба аясында магистральдерді салу және қайта жаңарту, №5 сорғы станциясын толық жаңғырту, сондай-ақ аулалық жылу желілерін ауыстыру жоспарланған. Бұл мақсатқа шамамен 29 миллиард теңге қарастырылған, – деп атап өтті Павел Плетухов.
Оның айтуынша, ұлттық жоба аясындағы жұмыстардың ауқымы биылғыдан бірнеше есе үлкен. Кәсіпорынның өз қаражатымен қатар, мемлекет пайыздық мөлшерлемені субсидиялайтын жеңілдетілген несие қаражаты да тартылады.
Барлық іс-шаралардың басты мақсаты – жылу шығынын азайту, жабдықтың тозуын азайту, сондай-ақ тұтынушыларды тұрақты және сапалы жылумен қамтамасыз ету үшін жылу желілері жұмысының сенімділігі мен тиімділігін арттыру.