Павлодар облысында кәсіпкерлер үшін міндетті декларация тапсыру тәртібі түсіндірілді
Келесі жылдың қаңтар айынан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңрлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Галина Бирюкова мәлім етті.
– Үшінші кезеңде - 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшыларын және олардың жұбайларын, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайларын декларациялау жүргізіледі, – деді Галина Бирюкова.
Декларациялау жүйесіне кірген кезде 250-нысанындағы жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы бастапқы декларация табыс етіледі. Онда жеке тұлғаның дебиторлық және кредиторлық берешегі, қолма-қол ақша қаражаты және есепті жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша шетелдік банктер бойынша банктік мәліметтер: депозиттер, кредиттер көрсетілуге тиіс. Айта кету керек, ҚР банктеріндегі мүлік пен ақша қаражатын көрсетудің қажеті жоқ, бұл мемлекеттік кіріс органдары қажет болған жағдайда тексере алады.
– Бұрын декларацияны жылына екі рет тапсыруға болатын. Ендігі жылдан бастап бірыңғай мерзіміге дейін - 15 қыркүйектен кешіктірмей декларация тапсыру міндетті, – деп түсіндірді спикер. – Үшінші кезеңнің шеңберінде «Жеке тұлғалардың активтері мен міндеттері туралы» 250-нысанының 160 мыңдай салық декларацияларын дара кәсіпкерлер, қайта жұмысқа алынған заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары ұсынатыны күтілуде.
Декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Егер декларацияны тапсырмаған немесе тапсыруды кешіктірген болса, онда ескерту жасалады. Ал оны бір жыл ішінде қайталап жасағаны үшін жеке тұлғаларға – 15 АЕК (Айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл салынады. Егер активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда, кірістер мен мүлік туралы декларацияда толық емес, жалған мәліметтер ұсынылса, онда ескерту жасалады. Жыл ішінде қайталап жасағаны үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Декларацияны электрондық немесе қағаз түрінде тапсыруға болады. Электрондық нұсқада тапсырғысы келетіндер «e-Salyq Azamat» мобильдік қосымшасын жүктеп, мүлкін жария ете алады. Сондай-ақ, құжатты «egov.kz» порталында, «cabinet.salyk.kz» сайты арқылы электрондық кілт арқылы тапсыруға болады. Қағаз түрінде декларацяны тапсырғысы келетіндер Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне және халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіне алады.