Павлодар ауданында балаларға мектепке керек-жарақтарды сыйлады

«AMANAT» партиясының депутаты Виталий Соломкин «Мектепке жол» республикалық акциясына қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Депутат Павлодар ауданындағы әлеуметтік аз қамтылған 200 балаға жаңа оқу жылына қажетті мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алып беріп, қолдау көрсетті. Әрбір оқушының қажеттілігі ескеріліп, оқу құралдары жекелей таңдалған.
Сонымен қатар, Виталий Соломкин Шарбақты ауданындағы балаларды да назардан тыс қалдырмады. Ол аудандағы барлық оқушыны қажетті мектеп құралдарымен толықтай қамтамасыз етті.
Депутаттың айтуынша, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қамқорлық көрсету – тең мүмкіндіктерді қалыптастыруға жасалған маңызды қадам.
– Біздің міндетіміз – әрбір отбасына, әсіресе балалары көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету. Оқу жылы форманы немесе дәптерді қайдан алу керек деген уайыммен емес, қуанышпен басталуы тиіс. Мен үшін балалардың сенімді болып, мектепке қуанышпен барғаны маңызды, – деді депутат.
Ведомствода атап өткендей, «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясындағы «Мектепке жол» республикалық акциясы қиын жағдайға тап болған отбасыларға атаулы көмек көрсетуге бағытталған.