Павлодарда автокөлік бөлшектерін сататын орындар тексерілді
Тәртіп сақшылары «Автомобиль» жедел профилактикалық шарасының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, шараның мақсаты – автокөлік құралдарын ұрлау мен айдап кетудің алдын алу және ашу бойынша жедел жағдайды тұрақтандыру. Полиция 210 автобөлшек сату орнын, автошеберханаларды, автотұрақтарды, техникалық қызмет көрсету станцияларын, гараж кооперативтерін және автокөлік бөлшектерін сататын 70-ке жуық орынды тексерді.
– Мысалы, полиция аймақ аумағында жасалған бірқатар ұрлықтарды ашты. Ақсу қаласында қала тұрғыны үйдің кіреберісінен велосипед ұрлап кеткен. Павлодарда жеке үйдің гаражынан дәнекерлеу аппараты, бұрғылау-перфоратор, бұрағыш, екі кескіш және құрылыс кептіргішін ұрлаған ер адам анықталды. Сонымен қатар, жедел уәкілдер көлік салонынан ұрланған планшетті ұрлаған адамды анықтады, – деді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция бастығының орынбасары Жаслан Танжанов.
Барлық ұрлықтар бойынша тексеру жүргізілуде.
Полиция департаменті азаматтарға автокөліктен шыққан кезде қырағы болу керек екенін ескертеді, барлық есік-терезенің сенімді жабылғанын тексеру қажет. Ұрлықты болдырмау және көлігіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері автокөлік иелеріне дабыл жүйесін орнатуды және көліктерді күзетілетін тұрақтарға қоюды ұсынады.